«Ақ жол құрылыс» компаниясы Сарыағаш қаласында жаңа айналма жолдың құрылысын бастады.
2026-04-06 02:38
Түркістан облысында «Ақ жол құрылыс» компаниясы Сарыағаш айналма жолының құрылысын бастады. Жаңа бағыт қаланы көлік кептелісінен арылтып, Өзбекстан бағытындағы транзитті жеделдетеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қазақстанның оңтүстігіндегі көлік байланысын айтарлықтай жақсартуға және халықаралық бағыттарда еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін нығайтуға жол ашатын ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға кірісті. 2026 жылғы 5 сәуірде Түркістан облысында республикалық маңызы бар «Сарыағаш қаласының айналма жолы» автожолы құрылысының ресми іске қосылу рәсімі өтті. Шараға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жоба ұзындығы 102,6 шақырымды құрайтын, төрт жолақты қозғалысы бар I-а техникалық санаттағы заманауи автожол салуды қарастырады. Жол заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысына барлық жағдай жасайды. Айналма жолдың іске қосылуы өңір экономикасына айтарлықтай оң әсерін тигізеді: жүк және жолаушылар транзиті жеделдейді, шекара маңындағы сауданың тартымдылығы артады, Түркістан облысының халықаралық бағыттардағы көлік торабы ретіндегі рөлі нығая түседі. Сарыағаш айналма жолынан бөлек, Түркістан облысында жол желісін жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдардың ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта Қазақстанды көршілес елдермен байланыстыратын негізгі бағыттардағы көлік айрықтары мен көпірлерді қайта жаңартуды қоса алғанда, жалпы ұзындығы 99,2 шақырым болатын күрделі және орташа жөндеудің 5 жобасы іске асырылуда. Бұл жобаларды кешенді түрде іске асыру заманауи және қауіпсіз жол желісін қалыптастырып, өңірдегі көлік қызметінің деңгейін көтереді және Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік әлеуетін күшейтеді.