Жаңалықтар

ҚазАвтоЖол «Қарағанды – Жезқазған» автожолының 457 шақырымын қайта жаңартуды бастады

🔹 ҚазАвтоЖол «Қарағанды – Жезқазған» автожолының 457 шақырымын қайта жаңартуды бастады

2026 жылғы 29 маусымда республикалық маңызы бар «Қарағанды – Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары бастау алды. Жалпы ұзындығы 572 шақырымды құрайтын күре жолдың 457 шақырымын қамтитын бұл жоба – Орталық Қазақстандағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі бастамалардың бірі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, мердігер ұйымдар мен жол саласының өкілдері қатысты.

«Қарағанды – Жезқазған» автомобиль жолы «Қызылорда – Павлодар – Успенка» автокөлік дәлізінің құрамына кіреді. Жобаны іске асыру өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейтіп, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және Қарағанды мен Ұлытау облыстарының экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік беруге бағытталған.

Қолданыстағы «Қарағанды – Жезқазған» жолы 1970 жылдары III техникалық санат параметрлері бойынша салынған. Ол бір оське түсетін 6 тоннаға дейінгі жүктемеге есептелген. Пайдалануға берілгеннен бері бұл бағытта күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сонымен қатар соңғы жылдары көлік қозғалысының қарқындылығы, оның ішінде ауыр жүк және ұзын өлшемді көлік үлесі айтарлықтай артты.

Қайта жаңарту аясында жол II техникалық санат талаптарына сәйкестендіріледі. Жоба жол төсемін жаңартуды, жасанды құрылыстарды салу мен қайта жаңартуды, демалыс алаңдарын, аялдама пункттерін, жолға қосылу және қиылысу орындарын жайластыруды көздейді.

Бұл жобаның маңызы жалпы ұзындығы 400 шақырым болатын «Қызылорда – Жезқазған» автожолын қайта жаңарту жобасымен бірге арта түседі. 2025 жылы Қызылорда облысы аумағындағы 192 шақырымда негізгі жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. 2026 жылдың соңына дейін Ұлытау облысындағы учаскеде негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты іске қосу жоспарланып отыр.