Жаңалықтар

Ақтауда 17-шағын ауданында "Жайлы мектеп" ресми түрде ашылды. Бас мердігер – СМК-Атамекен компаниясы.

20 қаңтар күні, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласының 17-ші жаңа шағынауданында жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл жыл басынан бері Маңғыстау облысында ашылған екінші жайлы мектеп.

Шараға өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай, облыс мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, қоғам қайраткерлері мен білім саласының ардагерлері, мемлекеттік білім беру ұйымдарының өкілдері және ата-аналар қатысты.

Салтанатты шарада жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған ардагер ұстаздар білімді ұрпақ – елдің ертеңі мен болашағы екенін айтып, олардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуда ұстаздарға артылатын жүктің маңыздылығын атап өтті.

Жалпы аумағы 10 400 шаршы метрді құрайтын жаңа білім ордасы 900 орынға шақталған. Қазір мұнда екі ауысымда 1 908 оқушы білім алуда. Оларға 143 педагог сапалы білім бермек.

Мектеп 53 заманауи пән кабинетімен жабдықталған. Оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін STEM зертханалары, қыш өнері, визуалды дизайн және хореография кабинеттері бар. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін оқушылар үшін сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Басты мердігер “СМК-Атамекен” компаниясы

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.