Жаңалықтар

«ҚазАвтоЖол» Қарағанды – Жезқазған тас жолының 457 шақырымын қайта жаңартуды бастады

2026-06-30 20:53
🔹 «ҚазАвтоЖол» Қарағанды – Жезқазған тас жолының 457 шақырымын қайта жаңартуды бастады
2026 жылғы 29 маусымда республикалық маңызы бар «Қарағанды – Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Жоба жалпы ұзындығы 572 шақырым болатын бағыттың 457 шақырымын қамтиды және Орталық Қазақстанның негізгі инфрақұрылымдық жобаларының біріне айналады.
Жұмыстың басталу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ұлытау облысының әкімі Дәстан Рыспеков, сондай-ақ мердігер ұйымдар мен жол саласының өкілдері қатысты.
«Қарағанды – Жезқазған» автомобиль жолы «Қызылорда – Павлодар – Успенка» көлік дәлізінің бір бөлігі болып табылады. Жобаны іске асыру өңіраралық көлік байланысын нығайтуға, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға, Қарағанды және Ұлытау облыстарының экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазіргі «Қарағанды – Жезқазған» жолы 1970-жылдары III техникалық санат параметрлері бойынша салынған және осьтік жүктемесі 6 тоннаға дейін есептелген. Пайдалануға берілген сәттен бастап бұл бағытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Соңғы жылдары көлік қозғалысының қарқындылығы, оның ішінде ауыр жүк көліктері мен ұзын өлшемді көліктердің үлесі айтарлықтай артты.
Қайта жаңарту аясында жол II техникалық санат параметрлеріне келтіріледі. Жоба жол жамылғысын жаңартуды, жасанды құрылыстарды салу мен қайта жаңартуды, демалыс алаңдарын, аялдама пункттерін, жол айрықтары мен қиылыстарын салуды қарастырады.